"Қарағанды облысы Балқаш қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы" КММ
0

  

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еңбекке қабілетті аз қамтылған азаматтармен, олардың жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөніндегі шараларға қатысқан жағдайында, әлеуметтік келісімшарт жасасу және шарттылық қағидаттарына негізделген, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілді.

 

Ал, еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілетін болады.

 

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК), жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен  аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) беріледі.

 

2019 жылғы 1 тоқсанға кедейлік шегі 14849 теңге мөлшерінде айқындалды (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%).

 

Отбасына  АӘК  мөлшері  жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасының әрбір мүшесіне есептелініп, кедейлік шегінің айырмасы түрінде есептелінеді.

 

Есептеу мысалы:

  • Отбасы құрамы – 7 адам, оның ішінде еңбекке қабілетті - 2 адам (әкесі – жұмыс істейді, анасы – 7 жасқа дейінгі бала күтімімен), 5 бала- 18 жасқа толмаған;
  • 2018 жылдың 4 тоқсанындағы отбасының орташа айлық табысы- 70005 теңге (арнайы мемлекеттік жәрдемақы - 10005тг., әкесінің еңбекақысы -60000тг)
  • 1 адамға табыстың орташа мөлшері - 10000теңге (70005/7)
  • 2019 жылдың 1 тоқсанына кедейшілік шегі – 14849 теңге;

1 айға АӘК мөлшері:

1 алушыға 4849 теңге (14849-10000)

Отбасыға 33943 теңге (4849*6)

 

АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмек болып бөлінеді.

 

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды отбасы мүшелері болмауы немесе олар нақты себептермен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі, күнкөрісі төмен отбасыларға  (зейнеткерлер, 1,2 топтағы мүгедектер және (немесе) екі айдан астам мерзімге уақытша еңбекке қабілетсіздік белгіленетін аурулары бар, жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, 1 немесе 2 топтағы мүгедекке,  үнемі бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж қарияларға күтімді жүзеге асыратын адамдар) көрсетіледі.

       

 Осы санаттағы адамдарға, шартсыз ақшалай көмек түріндегі АӘК,  өтініш берілген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.

 

Шартты ақшалай көмек (бұдан әрі - ШАК) отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар, олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан (оқу, әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, жұмысқа орналасу) және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда, табысы аз отбасыларға әлеуметтік   келісімшарт жасасу арқылы көрсетіледі

 

ШАК  әлеуметтік келісімшарттың қолдану мерзіміне (алты айға дейін) тағайындалады, әлеуметтік келісімшартта бекітілген кезеңге ай сайын немесе біржолғы төлем ретінде төленеді.

 

Біржолғы ШАК үш айда бір рет төленеді және әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құстарды және басқаларды сатып алуға), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға ғана қолданылады.

 

АӘК алуға үміткер адам немесе отбасы, тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе кент әкіміне өтінішпен жүгініп, төмендегі құжаттарды ұсынады:

 

1) жеке басын куәландыратын құжат – сәйкестендіру үшін;

 

2)отбасының әрбір мүшесіне тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін  растайтын құжат (мекенжай анықтамасы);

 

3) табыс туралы анықтама; 

 

4) жеке қосалқы шаруашылықтың бар болуы туралы мәліметтер;

 

5) банктік шот нөмірі туралы мәліметтер;

 

6) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі;

 

7) некенің қиылуын (бұзылуын) тіркеу туралы куәлік;

 

-қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген немесе бала асырап алған жағдайда – қорғаншылық (қамқоршылық) немесе бала асырап алғанын растайтын құжат;

 

-он сегізден жиырма үш жасқа дейінгі асырауындағы адамдар орта, техникалық және кәсіби, ортаңғыдан кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғарғы оқу мекемелерінде күндізгі оқу нысанында оқитын болса, оқу орнынан анықтама;

 

-мүгедектік белгіленген жағдайда – мүгедектік белгілеу туралы анықтама;

 

-жеке кәсіпкер статусын растайтын құжат.

 

Жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері мынадай құжаттарды қоса береді:

 

-еңбек қызметін растайтын құжат (бар болса);

 

-білімі, біліктілігі, арнайы білімі немесе кәсіби дайындығы туралы құжат (бар болса);

 

Құжаттар өтініш берушімен салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда ұсынылады.

 

 

Өтініш беруші ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

 

 

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі туралы толық ақпаратты «Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ және «Қарағанды облысы Балқаш қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ алуға болады: Уалиханов көшесі,  5, №3,7,13 кабинет, телефон 8(71036)44061,75956  демалыс (сенбі, жексенбі) күндерінен басқа, сағат 13:00-ден 14:30-ға дейінгі түскі үзіліспен, күн сайын сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін.